Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Атырауда «Таблиғи жамағат» діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратты деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған азаматтың мешіттерде діндар жастармен әдейі кездесіп, үйлеріне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында «Таблиғи жамағат» идеологиясын насихаттағаны анықталған.
Тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар тәркіленді. 44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Экстремизмді іске асыруға байланысты сот шешімімен тыйым салынған діни ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, – делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүдессіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Айта кетсек, аталған қозғалыс Үндістан және Пәкістан елінен шыққан, идеология азаматтық құқық пен міндеттерден (отбасын қамтамасыз ету, ата-анаға қамқорлық жасау, балаларды тәрбиелеу, білім алу, тұрақты жұмыс істеу және тағы басқа) бас тарту арқылы үздіксіз миссионерлік қызметке негізделеді. Ұйым Қазақстанда экстремистік деп танылып, дәстүрлі моральдық құндылықтарға қатер төндіретін ұйым ретінде сот арқылы тыйым салынған.