Республика бойынша 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау енгізіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, аталған шара қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы заңбұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген лицензия алдындағы талдау нәтижелері бойынша АӘҚ көрсететін 1007 ұйымның 72,3%-ы талаптарға сәйкес келетіні анықталды.
Осы қызметтерді көрсететін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, АӘҚ-ның тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігі көптен бері туындап келеді. Бұл орайда өткен жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде мүгедектігі бар балалардың тағамнан уланып, тіпті адам шығыны орын алған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері бойынша осы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқығы өрескел бұзылғаны анықталды: тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген; төсек-орын, киім және аяқ киім берудің минималды нормалары сақталмаған; скринингтік тексерулер жүргізілмеген; тамақтану нормалары бұзылған. 2024 жылдың 11 айында жүргізілген 167 тексеру нәтижесінде 148 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 1,75 млн теңгеге 15 айыппұл салынды, – деді Комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.
Ол АӘҚ сапасы екі негізгі факторға тікелей байланысты екенін атап өтті: қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейі және қызмет көрсететін ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі.
Бүгінде республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар. Олардың тек 12%-ның бейіндік білімі бар, қалған 88%-ында медициналық, педагогикалық, экономикалық және тағы басқа білімі бар. Кадрлардың сапасын арттыру үшін биыл әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіптік стандарт әзірленді. Биыл 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейіндік оқытудан өтіп, сертификаттар алды. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі енгізіледі, онда олардың кәсіби құзыретіне қатысты барлық деректер көрсетіледі. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер министрлікпен меморандумдар жасалған мамандандырылған кафедралары бар республиканың 14 жоғары оқу орнының базасында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өте алады. Ал АӘҚ көрсететін ұйымдарда тиісті жағдайлар жасау мәселелерін шешу үшін 2025 жылдан бастап лицензиялау енгізіліп жатыр, – деп атап өтті Комитет төрағасы.
Лицензия алудың негізгі шарттарының бірі ретінде мыналар анықталды:
Осы жылдың қазанынан бастап Комитеттің аумақтық департаменттері лицензиялау алдындағы талдау жүргізіп бастады. Оның барысында АӘҚ көрсететін 1007 ұйымның 72,3% лицензиялау шарттарына толық сәйкес келетіндігі анықталды.
Бұл ретте ҮЕҰ ұсынатын үкіметтік емес сектор ұйымдарының ішінен өрт қауіпсіздігі актілері жоқ 86 объект анықталды, 70-нің СЭС қорытындылары жоқ, 87 ұйымның ғимараттарында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік қарастырылмаған.
Біз әкімдіктермен және ҮЕҰ-мен лицензиялауға дайындық мәселелерін пысықтауды жалғастырамыз, лицензиялау алдындағы бақылаудан өту бөлігінде қажетті консультациялар мен сүйемелдеу көрсетеміз. Ұйымдарды лицензиялау бірінші кезекте көрсетілетін АӘҚ сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, екіншіден, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын қоғам өміріне одан әрі ықпалдастыра отырып, оларды әлеуметтік оңалтудың тиімділігін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.