Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
Талғарда өлі күйінде табылған Шерзат Болаттың ағасы өлер алдында туыстарының біріне хабарлама жіберген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталған. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Талғар қаласының маңында Шерхат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған.
Айта кетсек, биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді.
12 қазанда марқұмның отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кетті. Полиция 5 бап бойынша қылмыстық істі тіркеді. 11 күдікті ұсталды.