Су саласында заңбұзушылықтарға жол берген басшылар қызметінен босатылды
30-ға жуық адам жауапқа тартылды
Су ресурстары және ирригация министрлігі жүргізген тексеріс нәтижесінде 29 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері Ішкі аудит департаменті судың «көлеңкелі» нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу мақсатында 9 айда 11 мекемеге аудиторлық тексеру жүргізген.
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі мен шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заңбұзушылықтарға жол берілгені анықтаған болатын.
Аудит қорытындысы бойынша мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген министрлік хабарламасында.
Департамент директоры Ғалымжан Молдаштың айтуынша, аудит қорытындысы бойынша анықталған барлық заңбұзушылыққа қатысты материалдар Бас прокуратураға жолданған. Сондай-ақ, министрліктің құзыретті құрылымдары мен ведомстволарына ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.