Halyq Uni логотип
×

Президентінің қайда екені белгісіз: көтерілісшілер Сирия астанасын басып алды

Үкімет күштерінің офицерлері мен сарбаздары әуе айлағын тастап кеткен

 Халық үні 08.12.2024 | 16:11
Президентінің қайда екені белгісіз: көтерілісшілер Сирия астанасын басып алды
фото: gazeta.ru

«Хаят Тахрир аш-Шам» қарулы тобы бастаған исламшыл көтерілісшілер Сирия астанасы – Дамаскіге кірді. Бұл туралы 8 желтоқсанға қараған түні Таяу Шығыс және Батыс ақпарат агенттіктері мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар қаладағы қатты атыс дыбыстарын естігендерін айтты. Бірқатар БАҚ Дамаск әуежайында дүрбелең болғанын, Үкімет күштерінің офицерлері мен сарбаздары әуе айлағын тастап кеткенін хабарлады. «Әл-Жазира» агенттігі де оппозициялық күштер Дамаскінің орталығындағы Қоғамдық радио мен теледидар ғимаратын басып алды деп мәлімдеді.

Сирия армиясының 2 жоғары лауазымды офицері Reuters агенттігіне Сирия президенті Башар Асадтың Дамаскіден «белгісіз бағытқа» кеткенін айтты. Ал Адам құқығы жөніндегі Сирия обсерваториясының (SOHR) басшысы Рами Абдель Рахманның айтуынша, Асад Дамаск халықаралық әуежайынан ұшып кеткен.

CNN бұған дейін Башар Асадтың қайда екенін білу мүмкін емес екенін хабарлаған болатын. Телеарна дереккөзінің айтуынша, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін президент күзетшісі де әдеттегідей орналасатын жерін тастап кеткен, оның да қайда екені белгісіз.

Сондай-ақ көтерілісшілер Дамаск маңындағы Седная түрмесінен мыңдаған тұтқынды босатқандарын айтып, «тирания дәуірінің аяқталғанын» жариялады. SOHR ақпарат құралы хабарлағандай, бұл түрме – 2011 жылы азаматтық соғыс басталғаннан бері 10 мыңдаған азаматтық тұтқындар мен көтерілісшілердің азапталған орны.

Еске сала кетсек, биыл қараша айының аяғында «Хаят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) мен оның одақтасы Сирия Ұлттық Армиясы (СҰА) үкіметтік күштерге қарсы кең ауқымды шабуылды бастаған болатын. Бұл шабуыл Үкіметтің артиллериялық соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған.

Қазір Алеппо қаласының басым бөлігі көтерілісшілердің бақылауына өтті. Сонымен қатар, Серакиб, Маарет-эн-Нууман, Хан-Шейхун және Идлиб провинциясындағы Кафр-Набль сияқты маңызды қалалар да көтерілісшілердің қолында.

Жалпы, «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) – Сирия президенті Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан ең ықпалды қарулы топтардың бірі. Ол бұрынғы «Джебхат ан-Нусра» негізінде құрылған және Идлиб аймағындағы маңызды әскери күшке айналды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама