Ол аукционға биыл тамыз айында қойылғанмен, сатып алушы табылмаған
Алматыда бұрын Болат Назарбаевқа тиесілі болған бірнеше компания тіркелген әкімшілік ғимарат 11 желтоқсанда аукционға қойылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазір бұл ғимарат «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-на тиесілі.
Айналасы саябақпен, көгілдір шыршалармен және 20 көлікке арналған тұрақпен қоршалған қызғылт сары ғимарат Алматы қаласының Бостандық ауданында, Байтұрсынов көшесі, 104А мекенжайында орналасқан.
Хабарламада бұл ғимаратты сату бойынша аукционның 11 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында өтетіні айтылған.
Бастапқы баға – 1 миллиард 549 миллион 542 мың 736 теңге.
Ғимарат аукционға биыл тамыз айында қойылған. Бірақ оны сатып алушы табылмады.
Одан кейін Bes.media ондағы үй-жайды жалға алудың шаршы метрі 16 мың 500 теңге тұратынын жазды.
CMN сәуір айында ғимараттың Назарбаевтар отбасына қатысты екенін жазған болатын. Басылымның мәліметінше, Байтұрсынов, 104А мекенжайындағы үй-жайда бұрын Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаевтың компаниялары – BN InvestCapital ЖШС және «Үш Қоңыр Инвест Корпорациясы» ЖШС кеңселері болған.
Сонымен қатар, Infostats.co мердігерді тексеру сайтының мәліметі бойынша, Муз-ТВ Қазақстан компаниясы Болат Назарбаевтың тағы бір ұлы Данияр Назарбаевқа тиесілі.