Тоқаев Қатар Әмірімен кездесті
Президент Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенімді екенін жеткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумына шақырғаны үшін шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтып, аталған жиын әлемдегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңы екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірінің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Әңгімелесу барысында банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы инвестициялық жобаларға қатысты келісімдерді уақтылы әрі сапалы іске асыру мәселесіне ерекше мән берілді.
Қазақстан президенті Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенімді екенін атап өтті.
Өз кезегінде Қатар Әмірі Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді стратегиялық сипат алғанын жеткізді. Сондай-ақ екіжақты сапар барысында қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша Үкіметтердің жүйелі жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог қазақ-қатар қарым-қатынастарын нығайтуға алдағы уақытта да ықпал ететініне назар аударды.