Экс-министрдің ағасы Ақтауда әріптесін балағаттап, ұрғаны үшін жазаланды (ВИДЕО)

Халық үні

Ол қазір бокстан өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысудан шеттетіліп отыр

фото: видеодан скриншот

Бұрынғы Трузим және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың үлкен ағасы әрі жаттықтырушы Ерік Маржықпаев Ақтаудағы жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде судьяны ұрып жіберді, деп хабарлайды Halyq Uni Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Ол туралы видео алдымен kozachkow offside Telegram-арнасына жарияланған болатын.

2024 жылғы 5 желтоқсанда Ақтау қаласында өткен жастар арасындағы чемпионат барысында Ақмола облысының спортшысы Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының спортшысы Кенесарыамир Маржықпаев кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен аяқталып, Дамир Ибрагимов жеңіске жетті. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Астана қаласының жаттықтырушысы (Кенесарыамир Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев судьялардың шешіміне наразылығын білдіріп, балағат сөздер айтып, төрешілер алқасына қатысты агрессия қолданды. Бұл физикалық қақтығысқа ұласты, - делінген федерация мәлімдемесінде.

Боксшылар әулетінің өкілі Ерік Маржықпаевтың кейін әріптестерінен кешірім сұрағаны да нақтыланды.

Қазақстан бокс федерациясы спорт этикасын бұзған жаттықтырушы Е. Маржықпаевты жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдау үшін атқару комитеті бюросының отырысын өткізді. Бюро отырысының қорытындысы бойынша жаттықтырушыларға, төрешілерге, жарысты ұйымдастырушыларға құрметсіздік танытқаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорттық этикасын бұзғаны үшін жаттықтырушы Е. Маржықпаевты 2 жыл мерзімге бокстан өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысудан шеттету туралы шешім қабылданды, - деп мәлімдеді Қазақстан бокс федерациясы.