Сирияда көтерілісшілер ең үлкен үшінші қалаға жақындады

Халық үні

Сондай-ақ елдің шығысындағы күрд жасақтары үлкен Дейр-Эззорға кіріп, Үкімет әскерлері ол қаланы тастап кетті

фото: armenpress.am

Сириядағы көтерілісшілер елдің ең үлкен үшінші қаласы – Хомсқа жақындады, деп хабарлайды Halyq Uni BBC-ге сілтеме жасап.

Біріккен операция орталығының мәліметінше, олар қазір Хомсқа бара жатқан жолдағы Растан, Тел-Бис қалаларынан өткен және Хомс қаласына 5 шақырымдай жақындап қалған.

Еске сала кетсек, Асадқа қарсы коалиция әскерлері 5 желтоқсанда Хама қаласына кірген болатын. Ал оның алдында исламшылар бастаған көтерілісшілер Алеппо қаласын 2016 жылдан бері алғаш рет басып алды.

Хомс – ел астанасын Жерорта теңізі жағалауындағы негізінен алавиттер тұратын аудандармен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар қала. Бұл діни бірлестік әрқашан Асад отбасының саяси тірегі саналған.

Ақпараттан шошыған қала тұрғындары Хомсты тастай қашқан. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан қала жолдарындағы көлік кептелістерін көруге болады.

Ұлыбританияда орналасқан Сириядағы адам құқығын бақылау орталығы (SOHR) көтерілісшілердің Хомсқа қарай ілгерілегені туралы ақпаратты растады. Осы орталық бұған дейін ресейлік әскери ұшақтардың көтерілісшілер қозғалысын бәсеңдету үшін Растан қаласындағы көпірді бомбалағанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ елдің шығысындағы күрд жасақтары үлкен Дейр-Эззор қаласына кіргенін хабарлады. Үкімет әскерлері ол қаланы тастап кеткен. Сондай-ақ күрд жасақтарының Ирак пен Сирия арасындағы шекара бекеттерін бақылауға алғаны хабарланды.

Осылайша, көтерілісші топтар Сирия Үкіметіне соңғы жылдардағы ең ірі шабуылын бастады. Олар оңтүстікке қарай жылжып келеді. Ал Хомс Сирия астанасы – Дамаскіге барар жолдағы келесі аялдама болмақ. Бір анығы, бұл Сириядағы көтерілісші күштердің 13 жылдан бергі ең жылдам ілгерілеуі болды.

Айта кетсек, өткен аптада елдің солтүстігінде Үкімет күштерінің күйреуі Сирия-Ресей-Иран альянсының алдында тұрған қиындықтарды көрсетеді. Ресей 2022 жылдың ақпанынан бері Украинадағы соғысқа назар аударды, ал Сириядағы қақтығыста маңызды рөл атқарған «Хезболла» қозғалысы Израильмен соғыста үлкен шығынға ұшырады.