Батыс Қазақстан облысында 650 шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр
Былтыр өңірдегі жол жөндеу жұмысына 82 млрд теңге бөлінген
Батыс Қазақстан облысында биыл 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 км жол жөнделіп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен брифингте аймақ басшысы Нариман Төреғалиев айтты деп, хабарлайды Halyq Uni.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Облыстың шалғай орналасқан Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарында 2019 жылы басталған республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, нәтижесінде барлық ауданның облыс орталығымен байланысы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ республикалық маңызы бар 144 шақырым Подстепное - Федоровка - Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 60 шақырымға жуық жол жөнделді, қалғаны келесі жылы жалғасатын болады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша Барбастау – Ақжайық – Индер және Жаңақала – Бисен бағытындағы жолдардың құрылысы жүруде. Үкіметтің қолдауымен жыл сайын жол құрылыстарына қаражат уақытылы бөлінуде», - деді Н.Төреғалиев.
Айта кетсек, былтыр Батыс Қазақстан облысында 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биыл 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 км жол жөнделіп жатыр. Әкім 2025 жылы осындай көлемдегі жолдарды жөндеу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, облыс орталығы Орал қаласындағы көше жолдарын жөндеу бойынша да жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны айтылды. Мәселен, былтыр Орал қаласында 58 шақырым жол жөнделсе, биылғы жылы 50 шақырымнан астам жол жөнделді.
Бұдан бөлек, брифингте электр желілерін жөндеу мәселесі айтылды. Мәселен, бүгінде Оралда 12 ауданда 20 мың шақырым электр желісі бар. Олардың 80%-дан астамы тозып тұр.
Бізде «РЭК» деген компания жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстары сол компания тарифінің шегінде жасалып жатыр. 20 мың шақырым желіні бір күнде жөндеп бітіре алмаймыз. Соның 2 мың шақырымын жөндеуге 20 млрд теңге сұрап отырмыз. Су тасқыны кезінде Бөрілі, Теректі аудандарының аймағында Жайық өзені көтерілген кезде тозып тұрған біраз электр бағаны істен шықты. Соған байланысты Үкімет көмегімен тез арада қаржы бөлініп, оның бәрін қалпына келтірдік. Ал тозған 80% неге төмендемейді дегенге келсек, ол өсіп жатыр, – деді әкім.
Осыған байланысты «Электр энергетикасы туралы» заңға әкімдік тарапынан кешенді жұмыс істеу үшін мәселе көтерілген. Себебі, ондай қаржы облыс бюджетінен табылмайды. Бюджет заңына байланысты 35 киловольттен төмен электр желілерін жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді.