БҚО-да биыл 6 мектептің құрылысы аяқталады
Былтыр өңірде жаңа 16 мектеп пайдалануға берілген
Биыл жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысында алты мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Білім саласында былтыр 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Биыл алты мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ алты жайлы мектептің құрылысы келер жылға ауысады. 2025 жылы қосымша жаңа сегіз мектептің құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге жеті білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, 2024 жылы облыс ауылдарындағы кітапханалдарды қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдарда 25 кітапхананы жаңғырту жобасы іске асып жатыр.
Сондай-ақ әкім Жайық өзені мен қала маңындағы үш өзеннің жағдайына да тоқталды. Айтуынша, көктемдегі су тасқыны осы су арналарының бір уақытта көтерілгенінен туындаған.
Бізге көктемде секундына 60-90 текше метр су келетін болса, биыл көктемде 4200 текше метр су келді. Ол судың бәрін тиісті көмектің арқасында төмен қарай Каспий теңізіне қарай жібердік. Ол қаланы және Жайық өзені бойындағы 84 ауылды су басып кету қауіпі туды. Ауылдар маңындағы дамбаларды көтердік, биыл 30 ауылға қосымша салып жатырмыз. Қала маңында Шаған өзені қауіп төндіргендіктен Су министрлігімен бірлесіп, үлкен су қоймасын салуды жоспарлап жатырмыз», - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімі.