Halyq Uni логотип
×

Қазақстан Қатардан қосымша инвестиция тартпақ

Шетелдік компаниялар әртүрлі салада қызмет көрсетеді

 Дәурен Ерболат 06.12.2024 | 20:05
Қазақстан Қатардан қосымша инвестиция тартпақ
Фото: Kazakh Invest

Мемлекет басшысының Доха қаласына сапары қарсаңында СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкұлов бірқатар қатарлық компанияның басшылығымен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кездесулер барысында тараптар Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады.

JTA International Investment Holding-тің инвестиция жөніндегі директоры Иман Сафармен өткен кездесуде Ғабидулла Оспанкұлов компанияның халықаралық жобаларды қаржыландыруда тәжірибесі барын атап өтті. Аталған компания бизнес пен ауқымды жобалар үшін инновациялық инвестициялық шешімдер ұсынуға маманданған. JTA еншілес компаниялары энергетика, құрылыс, инновациялар, туризм, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты негізгі салаларды қамтиды.

UR Tranzit-тің негізін қалаушы Абделрахман Мұсамен өткен кездесуде қос тарап Қазақстандағы инвестициялық жобаны іске асыруға арналған компанияның перспективалық жоспарын талқылады.

Биыл 1 қарашада өткен Қазақстанның жаһандық инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2024) аясында қатарлық компания ИИДМ, «Бәйтерек» ҰБХ және Kazakh Invest ұлттық компаниясының өкілдерімен кездескен. Онда компания Қарағанды облысында аккумулятор өндіруді ұйымдастыру үшін QazTechna ЖШС-мен ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаған.

UR Tranzit – электр көліктерінің мобильділігі саласындағы жетекші компания. Ол көлік құралдарын жобалау мен өндіруден бастап, инфрақұрылым құру мен сатудан кейінгі қолдауға дейінгі толық шешімді ұсынады. Компания коммерциялық және жолаушылар электр көліктері, электробустар, электр жүк көліктері, сондай-ақ литий аккумуляторлары, зарядтау станциялары, энергия сақтау жүйелері мен жаңартылатын энергия көзін өндіруге қатысты шешімдері бар, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Al Fakhama Al Arabiya компаниясының бас директоры Мұстафа Әл-Ананимен өткен келіссөзде комитет төрағасы Қазақстандағы инвестициялық әлеуеті жоғары салаларды атады. Компания азық-түлік өнеркәсібінде ет, азық-түлік өнімдері, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді сату саласында қызмет көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама