«Қарағанды-Балқаш» республикалық жолы ашылды

Динара Амантай

Жобаны іске асыру аясында 4 млн тоннаға жуық асфальтбетон қоспасы төселді

Фото: "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ баспасөз қызметі

Қарағанды облысында республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» автомобиль жолының қайта жаңарту учаскесінде ресми түрде көлік қозғалысы ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәліметінше, 363 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш» учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Аталмыш учаске – «Орталық-Оңтүстік» (Астана-Қарағанды-Алматы) көлік дәлізінің маңызды стратегиялық бөлігінің бірі.

Қайта жаңарту аясында жол ІІІ санаттан І-б техникалық санатқа ауыстырылды. Жоба құрылысы барысында келесі нысандар салынды:

  • 11 көпір;
  • ауылшаруашылығы техникасына арналған 32 жолөтпе;
  • 3 көлік жол айрығы;
  • теміржол арқылы өтетін бір жолөтпе.

Жол пайдаланушылардың қолайлығы үшін 18 демалыс алаңдары, 24 аялдама, сондай-ақ 1452 жарық орнатылды. Қазір учаскедегі көлік қарқындылығы тәулігіне 18 мың автокөлікті құраса, ал жаз мезгілінде 25 мыңға дейін өсуі мүмкін, – делінген хабарламада.

«Орталық-Оңтүстік» дәлізі еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып, сондай-ақ Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекістан арасындағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі болмақ. Дәлізді жаңғырту жұмыстары еліміздің көлік әлеуетінің дамуына, адам тасымалының көбеюіне және аймақтағы Балқаш көлі секілді туристік нысандарының дамуына септігін тигізбек.

Ақпаратқа сәйкес, жобаны іске асыру аясында 4 млн тоннаға жуық асфальтбетон қоспасы төселген, оның 610 мың тоннасы биыл салынды. Бұдан бөлек, ұлттық компания Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз, Ақшатау-Ағадыр-Ортау, Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы және Бастау-Ақтау-Теміртау секілді республикалық автожолдардың орташа жөндеу (123 шақырым) жұмыстарын аяқтады.