Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтар табысының 22%-ын азық-түлікке жұмсайды – Жұманғарин

Вице-премьердің пікірінше, адамдар шығын түрлерін шатастырады

 Дәурен Ерболат 06.12.2024 | 15:00
Қазақстандықтар табысының 22%-ын азық-түлікке жұмсайды – Жұманғарин
Фото: Halyq Uni

Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бүгінде Қазақстан азаматтары табысының 22%-ын азық-түлікке жұмсап жүргенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Сенаттағы Үкімет сағатынан соң вице-премьерге «Бүгінде қазақстандықтар жалақысының неше пайызын азық-түлікке жұмсап жүр?» деген сұрақ қойылды.

Серік Жұманғарин бұл мәселе өте маңызды екенін атап өтті.

Кейбіреулер осы шығындарды шатастырып жатады, яғни «Тапқан табыстың жартысы азық-түлікке жұмсалып жатыр» деп айтады. Ол – дұрыс емес. Жалпы, тұтыну (азық-түлік және азық-түлік емес тауарлары, ақылы қызметтер) шығындарының ішінде 50%-ы азық-түлікке жұмсалатынын білеміз әрі мойындаймыз. Мұнда тұтыну шығындары тапқан табысымыздың 50%-ы екенін ескеру керек, - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, тұрғындар табысын тұтыну шығындарынан бөлек, несиені жабуға немесе балаларға керек заттарды алуға, қарызды жабуға, оқу ақысын төлеуге жұмсайды.

Осыны ескерсек, қазір бүкіл табысымыздың 22,2%-ын азық-түлікке жұмсап жатырмыз деп айтуға болады, – деді премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, былтыр Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиев қазақстандықтар жалақысының 50%-ын азық-түлікке жұмсап отырғанын айтқан еді.

«Инфляцияның салдарынан және қазақстандықтардың табысы төмен болғандықтан, олар шығыстың 50%-ын тек азық-түлікке жұмсайды. Бұл азаматтардың ақша жинауы былай тұрсын, басқа қажеттілігіне ақша жетпей жатыр деген сөз. Өңірлік теңсіздік әлі де байқалады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2022 жылы 94 мың отбасы кедейлік шегінен шығарылды», – деді депутат.

Айта кетейік, қазір Мәди Тәкиев қаржы министрі қызметін атқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама