«1 литрі – 100 теңге». Елімізде тәтті сусындар қымбаттауы мүмкін
Министрліктер ұсынысты талқылап жатыр
Бүгінде тәтті сусындарға қосымша салық салуды қарастырып жатырмыз. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол 2026 жылға дейін Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін дамыту концепциясы бекітілгенін еске салды.
Соған сәйкес тәтті сусындарға салық салу көзделген. Біз Дүниежүзілік банкпен бірге бұл салық экономикаға қалай әсер ететінін зерттеп жатырмыз. Ұсынымдарды әзірлеп, оны Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне жолдадық. Қазір орталық органдармен (ұсыныс) талқыланып жатыр, - деді Тимур Сұлтанғазиев Сенаттағы Үкімет сағатынан соң.
Вице-министр жаңа салық енгізілсе, елімізде тәтті сусындар қымбаттауы мүмкін екенін атап өтті.
Ұсыныс бойынша акциздің нақты сомасы біртіндеп көтеріледі. Мысалы, (тәтті сусынның 1 литріне) шамамен 100 теңге (салық салынады). Өкінішке қарай, қазір семіздікке шалдыққан балалар көбейіп жатыр… Дүниежүзілік банкпен бірге жасаған модельдеу бойынша (салық енгізілсе – автор) тәтті сусындардың сатылымы азаяды. Алайда таза суды сату көрсеткіші 40%-ға пайызға дейін көтеріледі, – деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстанда тұзды көп тұтынып, тәтті суды көп ішетіндер туралы хабарланған еді.