Мектеп асханасындағы мәзір қайта қаралады
2024 жылы мектепте тегін берілетін тамақтан 700-ге жуық оқушы уланған. Бұл туралы Сенатор Амангелді Төлемісов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстандағы мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін тамақтанады.
Алайда мектептердегі тамақтану үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Әсіресе, азық-түлік пен тамақ дайындау сапасына қатысты мәселе бар... Оқушылар арасында бірқатар аурудың қаупін арттыруы мүмкін. Бұл улануға да әкеп жатыр. Мәселен биыл 578 бала мектептегі тегін тамақтан уланған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артты, – деді Амангелді Төлемісов.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев биыл елімізде оқушылар арасында уланудың бірнеше фактісі тіркелгенін мойындады.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері, жергілікті атқарушы билікпен бірге барлық мектепте тексеріс жүргізді. 840 мектепте (барлық мектептің 12%) түрлі заңбұзушылықтар анықталды. 24 лауазымды тұлға түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 акті бойынша прокуратураға материалдар жіберілді, – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, білім ордасындағы тексеріс Кәсіпкерлік кодекс аясында жүргізіледі.
Өкінішке қарай, Кәсіпкерлік кодекстің шеңберінде мектептерді алтында ала ескертіп қана тексере аламыз. Алдын ала ескерткеннен кейін олар тиісті шараларды істеп қояды. Осыған байланысты біз депутаттарға тексерістің жаңа әдістерін ұсынып жатырмыз. Біріншіден, бұл –балалар объектілерін ерекше бақылау объектілеріне енгізу. Екіншіден, (мектепке) ескертусіз, хабарламасыз алдын ала кіріп, тек келесі күні прокуратураға тексеріс туралы құжаттаманы енгізу. Осы жағынан депутаттардан қолдау керек, – деді ол.
Тимур Сұлтанғазиев мектеп асханасындағы мәзір қайта қаралатынын атап өтті.
«2024 жылдан бастап ЮНИСЕФ, Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы және (ДДСҰ) тағамтану академиясымен бірге балалардың тамақтану стандартын қайта қарап жатырмыз. Сондықтан барлық мектептегі тамақтану мәзірі (меню) қайта қаралып, осы жылдың соңына дейін бекіту көзделеді», – деді вице-министр.