Бүгінде 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатылмайды
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстан азаматтары қандай аурулардан жиі көз жұматынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігі, оның халықтың денсаулығына әсері туралы мәселе әлі өзекті.
Бүгінде әлемдегі сияқты Қазақстанда инфекциялық емес аурулар барлық өлімнің 84%-ына себеп болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, 4 негізгі ауру: жүрек-қан тамыр аурулары, онкология, семіздік, қант диабеті мезгілсіз өлімге себеп болуы мүмкіндігінің 27%-ына тең. Мұндағы тәуекел факторларының бірі – дұрыс тамақтанбау. Құрамындағы майы, қанты және тұзы көп тағамдарды тұтынуды инфекциялық емес аурулардың көбеюіне, жұмысқа қабілеттілігінің жоғалуына және денсаулық сақтаудың айтарлықтай шығынына әкеледі, жалпы экономикаға теріс әсерін тигізеді. Мәселен 2022 жылмен салыстырғанда қан айналымы ағзаларының ауруы мен сыртқаттанушылық көрсеткіші 6%-ға, семіздік 2%-ға, қант диабеті 17%-ға өскен, – деді Тимур Сұлтанғазиев Сенаттағы Үкімет сағатында.
Министрдің орынбасары Қазақстанда тұзды тұтыну көрсеткіші жоғары екенін атап өтті.
ДДСҰ тұзды тәулігіне 5 грамға дейінгі тұтынуға кеңес береді. Алайда бұл көрсеткіш елімізде тәулігіне 17 грамға дейін жетеді. 6-9 жас аралығындағы балалардың 17%-дан астамы күн сайын, 50%-дан астамы апта сайын қант қосылған сусындарды тұтынады. Салдарынан 6-9 жас аралығындағы балалардың 20%-ы немесе әрбір бесінші баланың артық салмағы бар, ал оның 7%-ы семіздік ауруына шалдыққан, - деді вице-министр.
Тимур Сұлтанғазиев бұл мәселені шешу үшін министрлік не істеп жатқанын жеткізді.
«Халықтың трансмайларды, тұзды шамадан тыс пайдалануды азайту жөніндегі іс-шараларды көздейтін инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша министрлік жол картасын іске асырып жатыр. Мектептерде, колледжерде және жоғары оқу орындарында тәтті сода, сергітетін сусындар, фаст-фуд, чипстерді сатуға тыйым салынды. Денсаулықтық сақтауды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрамында қант қосылған сусындарға салық енгізу мәселесі пысықталуда. 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға сондай-ақ сауда автоматтары арқылы энергетикалық сусындарға тыйым салынады», – деді министрдің орынбасары.