Шекара маңындағы аудандарда 8 зертхана ашылады – министр

Дәурен Ерболат

Мұнда жүк көліктері көп өтеді

Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов

Алдағы уақытта фитосанитариялық бақылауды күшейту үшін шекара маңындағы аудандарда 8 модульдік зертхана ашылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл шегірткелер 2,5 млн гектарға таралуы мүмкін деген болжаммен 3,1 млн гектар жер өңделді. Шегірткеге қарсы күреске 8,1 млрд теңге (Республикалық бюджет – 4,2 млрд теңге, Үкімет резерві – 3,9 млрд теңге) бөлінді. Бұл пестицидтер мен химиялық өңдеу бойынша қызметтерді уақтылы сатып алуды қамтамасыз етті, - деді Айдарбек Сапаров Сенаттағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, өңдеу тиімді, оңтайлы уақытта жүргізілген. Бұл дақылдардың зақымдануына және зиянкестердің көрші елдерге таралуына жол бермеген. 

Министр фитосанитариялық жағдайды жақсарту және карантиндік фитосанитариялық бақылауды күшейту үшін төмендегі жұмыс жүргізілетінін атап өтті:

  • Үкімет резервінен қаражат қалдығы есебінен зерттеу және химиялық өңдеу үшін дрондар мен автомобильдерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр;
  • Шегірткеге қарсы күрес жөніндегі функцияларды республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру;
  • Тораптық теміржол станцияларында (БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстары) 6 фитосанитариялық бақылау пунктін (ФБП) ашу;
  • Жүк ең көп өтетін шекара маңындағы аудандарда 8 модульдік зертхана құру жоспарланып отыр (Павлодар, Ұлытау, Жетісу, Маңғыстау, Жамбыл, Абай, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары).