«Беташар» салты ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді
Маңызды шешім Парагвай астанасында қабылданды
«Беташар» салты ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі «Беташар» Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, – деп жазды Ерлан Қарин.
Wikipedia ақпаратына сүйенсек, ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізімінде Қазақстанның 6 нысаны бар. Үш нысан тізімге мәдени талаптар бойынша енгізілсе, тағы үшеуі табиғи талаптар бойынша іліккен. Атап айтқанда:
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі;
- Таңбалы тас петроглиф кешені;
- Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері;
- Жібек жолы бойындағы көне қалалар (Ақтөбе, Ақыртас, Қарамерген, Қойлық, Қостөбе, Құлан, Өрнек, Талғар);
- Батыс Тянь-Шань (Қаратау қорығы, Ақсу-Жабағлы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық паркі);
- Алтынемел ұлттық паркі және Барсакелмес қорығы.