Қант диабетіне шалдыққан науқастардың 50%-ы анықталмаған күйде қалып отыр
Депутат ғылыми орталық құруды ұсынды
Қант диабетіне шалдыққан науқастардың 50%-ы анықталмаған күйде қалып отыр. Бұл туралы Сенат депутаты Жанна Асанова мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Депутат өзінің сауалында қант диабетімен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, бұл аурумен күресу үшін алдын алу және емдеу шараларын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанда дертпен ауыратын 500 мыңнан астам науқас тіркелген және оның деңгейі өсіп барады. Сонымен қатар, науқастардың 50%-ға жуығы анықталмаған күйде қалып, Ұлттық тіркелімге енбеген. Ауруды бақылаудың негізгі көрсеткіші – гликозилденген гемоглобин деңгейін мониторингтеу тек диспансерлік науқастардың 22%-ын ғана қамтиды. Бұл ауруды тиімді бақылау үшін жеткіліксіз. Шығындардың 70%-дан астамы ретинопатия мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты асқынуларды емдеуге жұмсалады. Бұл профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетеді, – деді депутат.
Сенатор қант диабетінің алдын алу және ерте анықтау, халыққа арналған ағартушылық бағдарламаларды енгізу және бастапқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысын жетілдіруді қамтитын кешенді тәсіл енгізудің маңыздылығына тоқталды. Ол қант диабетінің алдын алу бойынша Ұлттық бағдарлама мен тиісті ғылыми орталық құрудың қажеттігін ерекше атап өтті.
Біз қант диабетінің алдын алу және ерте анықтау жөніндегі Ұлттық бағдарлама әзірлеуді және Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында эндокринология және метаболизм ғылыми орталығын құруды ұсынамыз. Тұрақты түрде скринингтен өткізу және халыққа арналған ағартушылық бағдарламалары ауруды асқынуды азайтып, науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді сенатор Жанна Асанова.