Жамбыл облысында есірткінің өзге өңірлерге таралу көрсеткіші бірнеше есе азайған

Halyq Uni

Жүйелі жұмысқа қоғам белсенділері мен еріктілер ерекше атсалысып келеді

Фото: pexels.com

Облыс аумағынан өзге өңірлерге таратылмақ болған есірткінің көлемі былтыр 286 келі болса, биыл ол небәрі 30 келіні ғана құраған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық полиция департаменті оны жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде көрсетеді.

Мәселен, кеше ғана облыстың полиция департаменті Байзақ ауданында ірі көлемде есірткі партиясы тәркіленгенін хабарлады.

Облыс полициясы департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Байзақ ауданы прокуратурасымен бірлесіп, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 51 жастағы аудан тұрғынын ұстаған.

Күдіктінің үйін тінту барысында жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп жазды полиция департаменті.

Соттың шешімімен күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау санкциясы берілген.

Ал облыста жүйелі жұмыстың нәтижелі жүріп жатқаны бұған дейін айтылған еді. Мәселен, облыс және барлық аудан әкімдері мен құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәлімет айтылған болатын.

Отырыста есірткі қылмысына және нашақорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жұмысты күшейту бойынша қосымша шаралар айқындалды.

«Есірткісіз болашақ» жобасы және есірткінің заңсыз айналымымен күрес бойынша мекемеаралық жоспардың нәтижесінде есірткі қылмыстары 15,2%-ға (520-дан 411-ге) төмендегені, 1100 тоннадан астам жабайы қарасора жойылғаны аталып өттті. Бұл есірткінің еліміздің басқа өңірлеріне таралуының азаюына әсер еткен. Мәселен, 2023 жылы 286 келі таратылмақ болса, биыл оның көлемі небәрі 30 келі.

«NarkoShekteuTaraz» телеграм-боты өзінің тиімділігін көрсетті, оның көмегімен 2986 есірткі сайттары бұғатталды, 500-ден астам граффити жойылды және есірткінің жарнамасы бойынша 26 қылмыстық іс тіркелді. Бұл жұмысқа қоғам белсінділері, еріктілер және студенттер ат салысып жүр, деп жазылған ресми хабарламада.