Жамбылдық диқандар ауыл шаруашылығы өнімі экспортын 2,5 есеге арттырған
Оған қоса, суармалы алқаптар көлемі ұлғайып келеді
Жамбыл облысында биылғы 10 айда 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Оның жалпы құны 26,2 млн долларды құрайды. Ал былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, былтырғы салыстырмалы кезеңде 18,2 млн долларға 53 мың тонна өнім сыртқа сатылған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 млн тонна өнім алынды. Қант қызылшасынан 600 мың тонна жиналып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізіліп жатыр, – деді Ербол Шырақбайұлы.
Сондай-ақ, облыс басшысы Президенттің суармалы егістік алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да хабардар етті. Оның айтуына қарағанда, халықаралық банктердің несиесі есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша 6 ауданда: Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 арық қайта жаңғыртылған. Нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан.
55,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Өңірде арықтарға арналған бетон жабындарын, тамшылатып суару жүйелерін, спринклерлік жабдықтар мен ПВХ құбырларын шығаруды қолға алынды, – деді ол
Айта кетейік, мұның алдында облыста келер жылы 4 бірдей тауарлы сүт фермасы іске қосылатынын жаздық.