Олар өңірдегі сүт өндірісін ұлғайтады
Жамбылдық шаруалар биылдыққа 20,8 млрд теңге субсидия алған. Сонымен қатар, облыста 12 инвестициялық жобасы іске қосылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 млрд теңге бөлініп, салаға 14,9 млрд теңге инвестиция тартылған.
Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру күтіп отырмыз, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 млрд теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылған.
Осы орайда СҚО тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталып келетінін айтты.
Олар 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтады. Сондай-ақ, тағы 5 замануи көкөніс сақтау қоймасын (сыйымдылығы 32 мың тонна) іске қосу көзделген, – деді ол.
Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, бұдан бөлек, жалпы құны 8,5 млрд теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін облыста ауылшаруашылығы саласын қолдауға 29,9 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, соның есебінен саладағы тауар өндірушілерге 17,7 миллиард теңгеден астам субсидия төленіп, нәтижесінде, өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқанын жазған едік.