Биыл бюджетке 2 трлн теңге салық түспеген
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленген.
Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, – деді Мәди Такиев.
Министр 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылғанын, кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.
Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, - деді министр.
Мәди Такиев 2024 жылы жоспардағы 2 трлн теңге салық түспегенін жеткізді. Салық түсімдерінің төмендеуіне төмендегі факторлар әсер еткен.
Салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды, – деді министр.
Биыл 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.
«Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығысты, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.