Баспана операциялары одан кейін тұр
Биылғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша, құмар ойындар саласындағы қызметтердің жалпы көлемі 353,6 млрд теңгені құраған. Оның бәрін жеке тұлғалар төленген. Ұлттық статистика бюросының деректерін талдаған Бірінші несие бюросы осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бюроның мәлімдеуінше, халықтың есебінен түскен кіріс көлемі бойынша басқа қызмет көрсету салалары құмар ойындармен теңесе алмаған.
Одан кейін екінші орында – жылжымайтын мүлік операциялары саласы, мұнда азаматтар 172,5 млрд теңге жұмсаған.
Үшінші орында – спорт, демалыс пен ойын-сауық қызметі. Оларға жұмсалған қаражат 151,9 млрд теңге.
Айта кету керек, 2023 жылдың қорытындысында халыққа қызмет көрсету көлемі жөнінен спорттық-ойын-сауық сегменті көшбасшы болған еді.
Алайда биыл бұл салада кірістер едәуір төмендеп, үш тоқсанның нәтижесі бойынша номиналды түрде 50%-ға азайған.
Ал құмар ойындар секторы, керісінше, кірісін ұлғайтып, номиналды түрде 24%-ға, салыстырмалы бағаларда 11%-ға өскен.
Айта кетейік, бұған дейін заңсыз лотерея қызметі мен интернет-казиноға қарсы күресте 6 639 ресурс бұғатталғанын жазған едік.
Сондай-ақ, 132 мың қазақстандық өзін құмар ойыннан шектеген.