Ит су тасқыны кезінде елге көмектесіп, танылған еді
Атырау облысы Сарытоғай ауылында су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектескен Пшөн есімді иттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс полициясының мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің 316-бабы («Жануарларға қатыгездік көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін итті ветеринария станциясы қызметкерлері атып өлтіргенін облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлаған еді.
Басқарманың мәлімдеуінше, 28 қарашада Махамбет аудандық ветеринариялық станцияның ветеринарына тұрғындардың бірі ауласында бөтен үш иттің қараусыз жүргендігін және үйіне кіре алмай тұрғанын хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен мамандар иттерге ұйықтатын оқ (дротик) атқан. Екі ит ұйықтатылып, үшіншісі өзенге қарай қашып, белгісіз жағдайда өліп қалған.
Аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлері ветеринариялық станция мамандарының әрекетінің заңдылығын тексеріп жатыр. Нәтижесі белгілі болған соң, тиісті шаралар қабылданады, – деп жазды басқарма.