Олар келісіп, тариф бағасын көтерді деген күдік бар
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мобильді байланыс операторларды тексеруді бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттік 2023 жылы ұялы байланыс қызметінің бағасының өсу фактісін қарау аясында «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) және «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексеруді бастады, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнының 18 теңге мөлшерінде бірдей бағасын белгілеу әрекетінде құқық бұзушылық белгілері анықталғанына байланысты операторларға осы белгілерді жою туралы хабарламалар жіберілді. Онда бағаны төмендету қажеті көрсетілген.
Қазір Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында ұялы байланыс операторлары қабылданған шараларға қатысты сот органдарына шағым түсірді. Осыған байланысты тергеу істері тиісті сот шешімі қабылданғанға дейін тоқтатылды.
Биыл 19 қарашада Астана қаласы бойынша агенттік департаменті «КаР-Тел» ЖШС-ға үй интернетінің жылдамдығын тарифтік пакеттерде таңдауға қатысты үстем жағдайды теріс пайдалану белгісін жою туралы хабарлама шығарды.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-ға да осындай заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталды. 2024 жылы бағаның өсу фактісі бойынша агенттік ағымдағы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ биыл желтоқсаннан бастап тарифтердің көтерілуі туралы операторлардың БАҚ-та жариялаған материлдарына байланысты агенттік ұялы байланыс операторларына Қазақстанның бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескерту жіберді.