2025 жылы жедел жәрдемнің автопаркін жаңарту жалғасады
Алматыда 2025 жылғы бюджет жобасында әлеуметтік салаға 806,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала Мәслихаты баспасөз қызметінің мәліметінше, бөлінген қаржы қала бюджеті шығыстарының 41%-ын құрайды. Әлеуметтік саланы қаржыландыруды ұлғайтудың болжамды өсуі – 8,7%. 2024 жылы әлеуметтік салаға 741,2 млрд теңге, ал 2023 жылы 664,5 млрд теңге бағытталды.
Ақпаратқа сәйкес, Мәслихаттың келесі отырысында Алматының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселесі қаралады.
Алдын ала ақпарат бойынша, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есе – 69,4 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, 1326 дәрігер мен медициналық персоналды оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы іске асырылады. Жаңа бюджеттен қаражаттың бір бөлігі Бостандық ауданында 500 адам қабылдайтын №4 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының, екі отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның және жаңа емхананың құрылысын аяқтауға бағытталады. Қалалық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен, оның ішінде вакциналармен және иммунопрофилактикалық препараттарымен қамтамасыз етілетін болады. Сирек кездесетін аурулары бар 4 мыңнан астам пациент тегін дәрі-дәрмектермен қамтылады.
Сонымен бірге 2025 жылы жедел жәрдемнің автопаркін жаңарту жалғасады, ол үшін 50 автокөлік сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары 20 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді, оның ішінде он нысанды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр және 30 жаңа және ескі денсаулық сақтау нысандарын жобалау жұмыстары жалғасын табады.