Компанияда тыйым салынған заттарды анықтайтын арнайы иттер бар
Биыл «Қазпошта» бөлімшелерінде сәлемдеме арқылы есірткі жіберудің 7 дерегі анықталды. Бұл туралы ұлттық компанияның басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, «Қазпошта» АҚ – құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан жалғыз жеткізуші.
Бүгінде біз құқық қорғау органдарына осындай деректерді анықтауға көмектесіп жатырмыз. Біріншіден, біздің қоймаларда және сұрыптау орталықтарында арнайы иттер бар. Олар (есірткіні) анықтайды. Екіншіден, барлық жерде рентген аппараттары қойылған. Олар тыйым салынған заттарды анықтайды. Биыл біз (есірткі салынған сәлемдеме – автор) 7 деректі анықтап, құқық қорғау органдарын материалдарды бердік. Өткен жылы 5 дерек тіркелді, – деді Әсел Жанасова Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Басқарма төрағасы барлық тауар жеткізуші полициямен тығыз байланыс орнатуы керек деген пікірде.
Нарықта бәсекелестік жоғары, көптеген жеткізуші бар. Олар үшін бірыңғай стандарт енгізілуі керек. Сізге (журналиске) қандай есірткі анықталғанын айта алмаймын. Оны тек құқық органдары айта алады, – деді компания басшысы.