Қостанай облысында әкімдіктер жолдарды жөндеу құнын негізсіз көтерген

Динара Амантай

Антикор автожол саласына мониторинг жүргізді

Фото: "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ баспасөз қызметі

Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде жүргізілген мониторинг барысында жұмыстардың құнын негізсіз көтеру фактілері анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, әкімдіктер ағымдағы және орташа жөндеу бойынша сметаға жоба сомасының 2% мөлшерінде күтпеген шығыстарды енгізген. Салдарынан жолдарды жөндеу құны 840 млн теңгеге өскен.

Сонымен қатар, сметаны қалыптастыру кезінде сметалық пайданы есептеу бойынша енгізілген өзгерістер ескерілмеген. Жобалардың қымбаттауына әкелген 8%-дық ескі норматив қолданылған (жаңасында 5%).

Мониторинг көрсеткендей, мердігер орындаған жұмыстардың сапасын бақылау жолдардың кейбір учаскелерінде ғана жүргізілген. Әкімдіктер зертханалық зерттеулерден қандай жолдар өтетінін өздері таңдаған. Салдарынан жыл сайын жөнделетін учаскелердің 20% -30%-ын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы тексермеген, – делінген Антикор хабарламасында.

Мысалы, Меңдіқара ауданында «Боровская-Ұзынағаш» жолының 3 шақырымында ғана сынақ жүргізілген, оның ұзындығы – 28 шақырым.

Талдау қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі шарттардың талаптарын қайта қарап, күтпеген шығыстар алынып тасталды, сондай-ақ мердігер ұйымдар 32 млн теңге көлемінде негізсіз алынған қаражатты өтеді, – делінген хабарламада.

2025 жылы жөнделетін жолдарды сараптамамен толық қамту жоспарланған.