Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 29,9 млрд теңге бөлінді
Биыл 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған
Ел экономикасының негізгі буыны саналатын ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы қай кезде де мемлекеттің басты назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын ел экономикасының тірегіне айналуы керектігін үнемі баса айтып, бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы кешенді жұмыстар Жамбыл облысында да өз жалғасын тауып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жамбыл облысы – өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Биыл облыста ауылшаруашылығы саласын қолдауға 29,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соның есебінен саладағы тауар өндірушілерге 17,7 миллиард теңгеден астам субсидия төленіп, нәтижесінде, өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқан.
Осы жылдың алғашқы 8 айында өңірде 350 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есе артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында пияз, қырыққабат, картоп, сәбіз секілді өнімдер есебінен жалпы 324,4 мың тонна, мал шаруашылығында 1,5 мың тонна өнім экспортталған. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі сиыр еті, қой еті, құс еті, малдың ішкі өнімдері есебінен артып отыр. Бұдан өзге экспортталған өңделген ауыл шаруашылығы өнімі 23,5 мың тоннаға жеткен.
Сонымен бірге, облыста бүгінде суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бекітілген Жол картасы аясында 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарланса, бүгінде соның 47,5 мың гектары қалпына келтірілген. Сонымен бірге, 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, жергілікті бюджет есебінен тоғыз, республикалық бюджеттен үш су қоймасын салу қолға алынбақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптар толық сумен қамтамасыз етіліп, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайтып, ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту аса маңызды міндет болып қала беретіндігін айтқан болатын. 2024 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл аталған салада 345 жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек.
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында да тындырымды тірліктер іске асып жатыр. Аталған жоба алғаш ел бойынша өңірімізде пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4076 жоба несиелендірілген. Бөлінген қаржының 23,4 миллиард теңгесіне 152,2 мың бас мал сатып алуға 4012 несие, 38 кооперативтерге 183 ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілген. Бұдан өзге, ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылып, 4152 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бүгінде жаңадан ашылған жеке кәсіпкерліктердің несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап, аталған жобаның тұрғындарға тиімділігін танытып отыр.