Оралда есірткі жасырумен айналысқан жасөспірім ұсталды
Күдікті әлеуметтік желі арқылы жұмысқа тұрған
Оралда полиция синтетикалық есірткі жасырумен айналысқан 17 жастағы жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Деркөл кентінде облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел-іздестіру шарасы барысында 2007 жылы туған жасөспірімді ұстады.
Тінту кезінде күдіктіден 25 zip-пакет тәркіленді. Кейін ол есірткі жасырған орындарды көрсетті. Бұл жерден 109 zip-пакетке салынған 3 үлкен орама табылды.
Сараптама барысында пакеттерде 249 грамм болатын (1245 доза) α-PVP психотропты зат болғаны анықталды.
Тергеу барысында жасөспірім Қостанай облысында тұратыны белгілі болды. Ол Орал қаласына Telegram-арна арқылы жұмысқа шақырылған. Жұмыс берушілер жол жүру және тұру шығындарын өтеген. Қазір жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп жазылған хабарламада.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция есірткі сақтау және таратқаны үшін қылмыстық жаза барын ескертеді.