Алакөл мемлекеттік қорығы директорына сот үкімі шықты

Динара Амантай

Шешім заңды күшіне енді

Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Алакөл мемлекеттік қорығы» РММ директоры Қ. Әбілқасымов, оның орынбасары Н. Бейсенов және бөлім басшысы Р. Шалапановқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Антикор ақпарына сәйкес, аталғандар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғындардан алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылған.

Абылқасымов пен Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы үкіммен, Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.