Ақмола облысы «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруда еліміз бойынша көшбасшы

Ербол Тұрымбет

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жобаның қалай жүзеге асып жатқанын айтып берді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ақмола облысында «Жайлы мектеп» жобасы мектептегі орын санымен бірге, миграция, сапалы білім беру, балалардың қауіпсіздігі сынды қосымша мәселелерді де шешіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, «Жайлы мектептерді» жүзеге асырып, енгізуде облыс көшбасшы болып отыр. Бүгінде Целиноград ауданында 7 200 бала сол мектептерде бір ауысымда оқып жатыр. Бір ауысым білім сапасына оң әсерін береді. Мәселен, мұндай мектептерде екі спорт залдан бар.

Мына Қоянды ауылында 2 мың орынға 4 спорт залы бар. Хареография, күрес, сурет залдары, тағы басқа да қосымша үйірмелерді ұйымдастыратын толық мүмкіндік қарастырылған. Ол дегеніміз, түске дейін білім алатын болса, түстен кейін қосымша білім алып, қосымша спортпен жаттығады. Зертханалары, кітапханалары және бар. Біздің мектептердің Астана мен Алматыдан ешқандай айырмашылығы жоқ, – дейді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, бір мектепте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 159 камера орнатылған. Оның бәрі ІІМ-нің жүйеленген орталығына шығарылып тұр. Дабыл түймелері орнатылған, мектепке алақан басып кіреді. Бөтен адам кіре алмайды. Тамаққа барса да солай.

Облысымызда балалардың қауіпсіздігіне арналған ең алғашқы мектеп ретінде пилоттық жоба жасап жатырмыз. Ол жерде мысалы, күдікті адам келетін болса, бейнебақылау қарайды да кезекші бөлімге «мынау іздеуде жүр», «педофил», болмаса «осындай күдікті» деп дабыл қоңырау береді. Сондай-ақ, балалар сабаққа екі күн келмей қалатын болса, оны мұғалімі ғана емес, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторға да қоңырау түседі. Сосын не болғанын үйіне барып біліп отырады, – дейді облыс әкімі.

Өңір басшысының сөзінше, жыл соңына дейін 7 мектеп іске қосылады. Ол жерде 12 400 бала білім алмақ. Ал биылға жоспарлаған 9 мектеп іске қосылып, 100% орындалып отыр.

Айта кетейік, Президент бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын бұған дейін жазған едік.