Бүгінде Ақмола облысында ауылдардың 90%-ы түтінге қарсы дабыл жүйесімен қамтылған
Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданын Шұбарғаш ауылында болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұланды ауданындағы екі баланың қараусыз қалып, қайтыс болған жағдайын өзім мұқият қарадым. Дәл сол үйге барып, 12 қазан күні осылай қалдырмауын айтып, түсініктеме жұмыстары жүргізілген екен, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, бүгінде сол үйлерге түтінге қарсы қондырғылар қойылып жатыр. Ауылдық елдімекендердің 90%-ы қамтылған.
Одан бөлек, осы мәселеге қатысты бір-екі мәжіліс өткіздік. Ауыл әкімдерімен, өз әкімдерімізбен. Өйткені, ауыл тұрғындары болған соң, әкім сыртта қалмау керек. Осындай әрбір жұмысты саралап, салдарын емес, себебін қарап, осындай жағдайлардың алдын алу жұмыстары жасалып жатыр. Өкінішке қарай, осындай жайттар болды, – деді ол.
Әкімнің сөзінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында қосымша қаулы жасап, басқа мекемелерді, үйлерді тағы тексеру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, өткен айда Ақмола облысындағы бұрынғы мешітте газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тауып, бірнешеуі жарақат алды. Ал 1 желтоқсанда Бұланды ауданындағы Шұбарғаш ауылында 2017 және 2021 жылы туған екі бала уланып, көз жұмды.
Осыған қатысты Балалар омбудсмені Динара Зәкиева 12 жасқа толмаған балаларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдыруға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.