Елімізде 83 мыңнан аса қыз адам папилломасы вирусына қарсы екпе алды
Вакцинациялау мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі
Бүгінде Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 11-13 жас аралығындағы 83,7 мыңнан астам қызға егілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, инфекциялық және онкологиялық аурулар профилактикасының ұлттық бағдарламасының шеңберінде қазанда қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау бойынша ауқымды науқан басталған.
Ұлттық канцер-тіркелімнің деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 2 мыңға жуық жағдайы анықталады, 600-ден астам әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін емес. ҚазОРҒЗИ зерттеуінің нәтижелері бойынша жатыр мойны обырының 74,2% жағдайында биопсиялық материалда адам папилломасы вирусының (АПВ) 16 және 18 онкогендік түрлері анықталды.
Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинациялау тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Вакцинацияланғандардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
Халықты иммундау мәселелері бойынша 7701 колл-орталығы жұмыс істейді, онда АПВ-ға қарсы вакцинациялауды қоса алғанда, Қазақстанда іске асырылатын жоспарлы егулер бойынша сұрақтарға жауап алуға болады.