Halyq Uni логотип
×

Мемлекеттік аудит: Қазынашылық комитеті 124 млрд теңге бюджет шығынына жол берген

70 рәсімдік олқылық және 15 жүйелі кемшілік анықталды

 Динара Амантай 03.12.2024 | 09:47
Мемлекеттік аудит: Қазынашылық комитеті 124 млрд теңге бюджет шығынына жол берген
Фото: Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Қазынашылық комитеті қызметіне жүргізілген аудит нәтижесінде бюджет қаражатын басқару және төлемдерді жүргізу бөлігінде жүйелі кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, Комитет Бюджет кодексінің нормаларын бұзған.

2021-2023 жылдардың жекелеген айларында эмиссиялық бағалы қағаздарды бастапқыда жоспарланған көлемнен артық шығарған. Ал республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат қалдығының болжамы оң болған. Бұл 124 млрд теңгеден астам бюджеттің ықтимал шығындарына әкелді, – делінген Палата хабарламасында.

Аудит нәтижелері көрсеткендей, бюджеттік құрылыс жобалары бойынша төлем құжаттарына жүргізілетін бақылау жеткіліксіз болып шықты.

Қазынашылық органдарының ағымдағы бақылауы растайтын құжаттың бар-жоғы тұрғысынан ғана жүргізіледі. Бұл жерде оның заңнамада белгіленген нысанға сәйкестігі, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауларды растау туралы белгінің бар-жоғы тексерілмейді. Мысалы, Алматы қаласының Қазынашылық департаменті әкімшілік ғимараттардың бірін реконструкциялау шеңберінде 2,5 млрд теңгеге орындалған жұмыстардың құны туралы бір анықтама бойынша жалпы көлемі 3,7 млрд теңгеге екі рет төлем жүргізген. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанған, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар аумақтық қазынашылық органдары бюджет заңнамасының нормаларын бұза отырып, өткен жылдардағы аванстың өтелмеген сомасы бола тұра, сондай-ақ бұрын төленген аванстарды пропорционалды ұстап қалмай, жаңа аванстарды төлеуге берілген шоттарды орындаған.

Бюджет заңнамасы талаптарын бұзатын төлемдерді жүргізу мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттау үшін орталық қазынашылық аппаратына қолданыстағы ақпараттық жүйені пысықтау ұсынылды.

Жобаларды қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде қосалқы мердігерлер үшін мемлекеттік сатып алу шоттарын ашу мемлекеттік кірістер органдары жүргізген тәуекелдерді талдау нәтижелерін үнемі ескере бермейді. Бұл жағдай жобаларға жосықсыз қосалқы мердігерлерге қатысуға жол береді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шоттарынан төлемдерді ақшаны түпкілікті алушылардың банк шоттарына аударуды аумақтық қазынашылық органдары олардың тауарларды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруші мәртебесін растамай іске асырған, – делінген хабарламада.

Бұған қоса бейінді мемлекеттік органдар да қазынашылық сүйемелдеуді енгізу мақсаттарына қол жеткізуге мониторинг пен талдау жүргізбейтіні атап өтілді.

Жалпы, жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша:

  • 70 рәсімдік бұзушылық және 15 жүйелі кемшілік анықталды;
  • бюджеттің ықтимал шығындары 124 млрд теңгеден асты.

Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған кемшілік пен бұзушылықты жою үшін тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді. Бұл жұмыс нәтижелері электронды түрде тіркеле отырып бақыланатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама