Қазақстанда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары анықталды
Байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр
Алматыда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Лауреаттарды құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық екенін атап өтті.
Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасына бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша 2023 жыл 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ, деді министр.
Биыл «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторлары өтінім берген. Оның ішінде «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8 өтінім.
Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды, «Үздік поэзия» номинациясында – «Айкөркем» балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды. «Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді.
Сонымен қатар «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды. Аталған сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады.