Теңге құнсызданып жатыр: Үкімет әлеуметтік жағдайды бақылауда ұстайды

Дәурен Ерболат

Жағдайға сыртқы факторлар әсер еткен

Фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңгенің құнсыздануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше аптада ұлттық валюта бағамы әлсіреп жатыр.

Өткен аптада 1 доллар 500 теңгеден асты. Осыған байланысты бизнес пен азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдап жатыр, – деді Нұрлан Байбазаров Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Министр теңгенің құнсыздануына іргелі сыртқы факторлар әсер еткенін атап өтті.

Олардың ішінде негізгі үшеуін бөліп көрсетуге болады. Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы. Екінші фактор – әлемдік мұнай бағасының төмендеуімен байланысты. Соңғы маңызды фактор – Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін, – деді вице-премьер.

Нұрлан Байбазаров мұндай жағдайда қазақстандықтардың  әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту Үкіметтің басты міндеті екенін атап өтті.

Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажет шаралар қабылданады. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті. Тұтыну бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша  тұтыну тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын жете түсінеміз әрі Ұлттық банкпен және ЖАО-мен бірлесіп, инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатыр. Оның ішінде ішкі нарықты тауарлармен толтыру, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауданы реттеу мен тарифтерді реттеуді жалғастырамыз, - деді ол.