Ұлттық қордан 1,2 млрд доллар сатылды

Дәурен Ерболат

Теңге бағамын тұрақтандыру үшін 1 млрд доллар жұмсалды

Фото: Halyq Uni

Биыл қарашада республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1 млрд 260 млн доллар сатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұлттық банктің мәліметінше, қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 доллар 512,52 теңге болды.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 278 млн доллардан 262 млн долларға дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі – 5,5 млрд доллар.

Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қарашада Ұлттық қордан 1 млрд 260 млн доллар сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын және күніне 60 млн доллардан аспайтын мөлшерде болды, - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды көздейді.

Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк Ұлттық қордан 800 млн доллардан 900 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескеріп, Ұлттық банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.

Бірқатар іргелі фактор нашарлағандықтан тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеп, шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін 15-28 қараша аралығында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Қарашаның қорытындысы бойынша 1 млрд 47 млн доллар сатылды, - деп жазылған хабарламада.

Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.