Қазақша үйрену үшін Түркістанға 69 жастағы түркиялық студент келді
Келгеніне 1,5 ай болса да қазақ тілін жеткілікті түсінетін деңгейге жеткен
Қазіргі Түркістан қаласында орналасқан Қожа-Ахмет Ясауи университетінде түркі әлемінің 17 елінен және 30-ға жуық ұлт пен ұлыстан 10 мыңға жуық студент оқып жатыр. Солардың бірі – түркиялық Кадрие Ышыклы. 69 жастағы студент шекара асып, қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Telegram-дағы арнасында хабарлады, деп жазды Halyq Uni.
Кадрие Ышыклы – Түркия азаматы, Ыстамбұл қаласының тұрғыны, 3 баланың анасы. Қазір ол Ахмет Ясауи университеті дайындық орталығының тыңдаушысы. Қазір университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.
Түркиялық студент Түркістанға келіп, білім алуына түркі елдерінің тілі және мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға деген қызығушылығы себеп болғанын айтады. Оның Қазақстанға келгеніне 1,5 ай болса да қазақ тілін жеткілікті түсінетін деңгейге жеткен.
Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Осында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысып, содан кейін өзге де бауырлас елдерге барғым келеді, - дейді Кадрие Ышыклы.
Бұған дейін ол Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша жоғары оқу орынын тәмамдап, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттаған. Ендігі мақсаты – Орта Азия елдерімен танысу. Сондықтан Қожа-Ахмет Ясауи университетінде де білімін сол «Туризм» мамандығы бойынша жалғастырмақ.
Айта кетейік, Кадрие Ышыклы білім алып жүрген Дайындық орталығында университеттің ішкі грантына (квота) ие болған түркі әлемінен келген білім алушылар оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Биыл орталық оқытушылары 200-ден аса тыңдаушыға сабақ беріп жүр. Дайындық орталығын сәтті аяқтаған білімгерлер әрі қарай өзі таңдаған мамандығы бойынша университетте білімін жалғастырады.
Дайындық орталығының ұжымы жасы үлкен студент келетінін алғаш естіген кезде таңырқап, абдырап қалғанын жасырмайды. Алайда Кадрие Ышыклы Қазақстанға келе сала, барлығымен оңай тіл табысып, ортаға тез бейімделген. Орталық оқытушылары оның білімге ашық, қазақ тіліне қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Осылайша, Кадрие Ышыклы батыл шешімі арқылы жастарды ынталандырып, білім алуға ешқашан кеш емес екенін көрсете алды. Бірге оқитын студенттермен жақын араласып, оларды өз баласындай көріп, қамқорлық танытып жүр.