Ұзындығы 12 метр болатын әр вагонда 32 орын бар
Семейдегі жаңартылған Бейбітшілік аралында балалар теміржолы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Halyq Uni қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Сонымен қатар аралда жаңа қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылған. Онда балалар ойын алаңдары, футбол, волейбол, стритбол алаңдары мен воркаут аймағы бар. Барлық алаңға жаңа кәсіби тренажерлер орнатылған.
Еске сала кетсек, балалар теміржолы 1979 жылы теміржолшылар күніне орай ашылған болатын. Алайда ол 90-жылдардың ортасына қарай жабылып қалған. Міне, 20 жылдан аса уақыттан кейін қайта қалпына келтіріліп отыр.
Теміржол аралдың әсем жерлерін аралап, жолаушыларға Ертіс өзенінің ерекше табиғи ландшафы мен әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде теміржол ұзындығы 2 шақырым болады. Аралдағы көпірден биологиялық орталыққа дейінгі аралықта жүреді. Тепловоз бен вагондар теміржол техникасына маманданған «Қамбар» машина жасау зауытында дайындалған. Ұзындығы 12 метр болатын әр вагонда 32 орын бар. Егер маршрут сұранысқа ие болса, қосымша вагондарға тапсырыс берілуге тиіс.