Иран Сыртқы істер министрі бүлікшілерге демеу көрсетті деп АҚШ пен Израильді айыптады
Сириялық қарулы бүлікшілер тобы елдегі екінші ірі қала – Алеппоға кіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек Сирия Үкіметінің қарулы күштері Алеппоны қарулы бүлікшілерден 2016 жылы қайтарып алған болатын. Ал осы аптада бүлікшілер күштері күтпеген жерден шабуылға көшіп, бірнеше елді мекенді басып алған. Осылайша, бірнеше жылға созылған тыныштық қайта бұзылған.
Біздің күштеріміз Алеппо қаласына кіре бастады, - деп мәлімдеді бүлікшілердің жақында құрылған коалициясы.
CNN мәліметті тәуелсіз дереккөздер көмегімен растай алмай, Сирия Үкіметіне сауал жолдаған. Сирия әскери шенділері ауыр қарумен және дрондармен қаруланған «терроршыл ұйымдардың ірі шабуылына» кезіккенін мәлімдеген.
Осының алдында бүлікшілер Алеппо қаласының шетіндегі Әскери ғылыми-зерттеу орталығын басып алғанын жариялаған еді. Оның алдында Алеппо университетінің студенттер тұратын жатақханасына снаряд құлап, 4 адам қаза тапты. Мемлекеттік SANA ақпарат агенттігі бұл шабуылды оппозициялық топтар жасады деп таратқанмен, бүлікшілер өкілі Хассан Абдулғани Үкіметке қарасты БАҚ-тың мәліметін жоққа шығарып, оны «ешқандай негізсіз жалған ақпарат» деп мәлімдеген.
Бейсенбі күні Алеппо мен Идлиб маңындағы ауылдарда бүлікшілердің әуе соққылары мен шабуылдарынан кемінде 15 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бұл мәліметті «Ақ каскалар» ерікті құтқарушы тобы таратты.
Осы орайда Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи сириялық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ пен Израильді бүлікшілерге демеу көрсетті деп айыптады. Сондай-ақ өздерінің Сирия Үкіметі мен армиясын қолдайтынын тағы мәлімдеді.
Ал Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирия билігін «конституциялық тәртіпті тез арада қалпына келтіруге» шақырған. Бұл ретте Иран да, Ресей де Сирия Үкіметінің негізгі одақтасы.