БҚО-да ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні ерекше аталып өтті
Өңірдің бірқатар азаматы «Еңбек ардагері» атанды
Оралда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шара барысында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғимараты алаңында ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылып және ауыл шаруашылығы стендтері таныстырылды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті тақырыптарда семинарлар өткізілді. Семинар қатысушылары мал азығы дақылдарын өсіру, тыңайтқыштар қолдану және су қорларын пайдалану технологиялары бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, «Фермадан экспортқа: халықаралық нарыққа шығу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің негізгі аспектілері» тақырыбында талқы жасап, сонымен бірге, өңірідегі сүтті мал шаруашылығының даму мүмкіндіктерін қарастырды.
Айта кетейік, бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр.
Шара аясында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы биылғы жеткен жетістіктерге атсалысып, аянбай тер төккен бірқатар азаматты «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгілерімен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы және түрлі номинация бойынша облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.