Halyq Uni логотип
×

«Қадыр оқулары – 2024»: ақынның 60 өлеңін жатқа оқитын бала жеңімпаз атанды

Республикалық байқау биыл мұғалімдер арасында алғаш рет ұйымдастырылды

 Ербол Тұрымбет 29.11.2024 | 12:02
«Қадыр оқулары – 2024»: ақынның 60 өлеңін жатқа оқитын бала жеңімпаз атанды
Фото: Halyq Uni

Оралда Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттауға арналған «Қадыр – қазына» жобасы аясында жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері мен оқушылары арасында ақын өлеңдерін жатқа оқудан «ҚАДЫР ОҚУЛАРЫ – 2024» республикалық байқауы өтті. Байқау ұстаздар арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Республикалық деңгейдегі шара алдымен ақын рухына тағзым етуден басталды. Онда ақын ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, өлеңі оқылды. Ал шараның өзі Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өтті.

Байқау жалпы үш кезең бойынша өтіп, онда алдымен аудандық, одан соң облыстық деңгейде үздік мәнерлеп оқушылар анықталды. Оған аудандық және қалалық сайыс жеңімпаздары қатысты. Содан шыққан жеңімпаздар үшінші – республикалық кезеңде бақ сынады.

Бір ешекшелігі, қатысатын оқушыларға да, ұстаздарға да бірдей талап – ақынның 100 өлеңін жатқа білу керек.

Байқауда еліміздің Жамбыл, Қызылорда облыстары және Орал қаласы мен БҚО-ның 12 ауданынан мұғалімдер мен оқушылар өнерін ортаға салды.

Қазылар алқасының шешімімен оқушылар арасында бас жүлде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданынан келген Нұрайдар Жасұланұлына бұйырды. Ол ақынның 60 өлеңін жатқа біледі.

Ал мұғалімдер арасында бас жүлдені БҚО Бәйтерек ауданынан қатысқан Ақтолқын Галиева иеленді. Сонымен бірге оралдық Мақпал Мендешова мен Эльмира Нұғмановалар арнайы жүлдегер атанды.

Айта кетейік, республикалық Қадыр оқулары алғаш рет 2018 жылы Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында өткен. Оны облыстық білім басқармасы мен Қадыр Мырза Әлі атындағы халықаралық қор ұйымдастырған болатын.

Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда бұрынғы Орал облысы, қазіргі БҚО-ның Жымпиты ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы, бұрынғы Әнұранның сөзін жазған авторлардың бірі.

Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрген, өлеңдері мектеп оқулықтарына енген. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асады.

Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. Қадыр Мырза Әлі көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғұламаларының талайының шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне тәржімаланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама