ҰБ теңге бағамын нығайту үшін интервенция жүргізуге дайын
Ұлттық банк доллардың неге күрт қымбаттағанына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бірқатар іргелі фактордың нашарлауы аясында теңгенің айырбас бағамы 1 доллар үшін 500 теңгеден асты.
Қазір биржадағы сауда-саттық 1 доллар үшін 518-519 теңге аралығында өтіп жатыр. Кеше ұлттық валюта 2,4%-ға әлсірегендіктен 28 қарашадағы теңгенің орташа сараланған бағамы 1 доллар үшін 512,58 теңге болды, - деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.
Ұлттық валютаның әлсіреуіне сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен.
АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі фактордың өзгеруі аясында дамушы нарықтағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2%-ға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024жылдың 28 қарашасында). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3,0%-ға төмендеді, –деп жазылған хабарламада.
Валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Қаржылық тұрақтылық тәуекелдері және іргелі факторларға сәйкес келмейтін айырбас бағамының шамадан тыс құбылмалылығы туындаған жағдайда, Ұлттық Банк әділ бағам түзілуін қалпына келтіру және валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенция жүргізуді жалғастыруға дайын, - деп жазылған хабарламада.