Жоба құны – 147 млрд теңге: Түркістанда мақта өңдейтін ірі зауыт салынып жатыр
Республикада мақта тек Түркістан облысында өсіріледі
Биыл Түркістан облысында 106 мың гектарға мақта егілді, алайда дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі төмен болған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолданып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады, - дейді облысы әкімі.
Айтуынша, Түркістан қаласында мақта өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды.
Жоба құны – 147 млрд теңге.
Жылдық қуаты: 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады.
Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Толық іске қосылғанда 41 мың жұмыс орны құрылады. Бюджетке миллиардтаған салық түседі. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуге тиіс, - дейді Дархан Сатыбалды.