Отандық астықты Ауғанстан мен Қытай сатып алады
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Ресей-Украина соғысы Қазақстанның ауыл шаруашылығына зардабын тигізбегенін, бірақ қиындықтар барын мойындады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сенат кулуарында АШМ өкіліне «Украинада соғыс басталғалы бері Ресей санкция салдарынан жаңа нарық іздеп, Орталық Азия мен жалпы Азия бағытында сауда жүргізіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда қиындыққа тап болған жоқ па?» деген сауал жолдады.
Азат Сұлтанов мұндай мәселе ресейлік тараппен шұғыл шешіліп жатқанын жеткізді.
Біріншіден, азық-түлік тауарлары санкцияға жатпайды. Қиыншылықтар бар. Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясы елімізде өсірілген бірнеше дақылға шектеу салды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров (ресейлік) әріптесімен сөйлесіп, мәселені шешудің жолын тапты. Бірінші партия Ресейдің портынан әлемдік нарыққа шықты. Бүгінде осындай мәселелерді оперативті түрде шешіп жатырмыз, – деді вице-министр.
БАҚ өкілі «Нақты қандай тауарларды өткізуде қиындықтар туындап тұр?» деп сұрағын нақтылады.
Министрдің орынбасары бидай және майлы дақылдарды сыртқа шығаруда мәселе барын ашық айтты.
Дәстүрлі нарық Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытай саналады. Оларға өнімімізді шығарып жатырмыз. Бұл – бидай, май дақылдары. Экспорт көлемін көбейттік. Биыл қыркүйек пен қазанды қоса алғанда 2 млн тонна астықты экспортқа шығардық, – деді Азат Сұлтанов.