БҚО-да ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия тиімсіз жұмсалған

Динара Амантай

14,7 млн теңге мемлекетке қайтарылды

Фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының прокуратурасы субсидия беру кезінде заңдылықтың сақталуын талдау нәтижелері бойынша 20 миллионнан астам теңге көлемінде бюджет қаражатын теріс пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы 25 желтоқсанда шаруа қожалығы 442 асыл тұқымды қой сатып алуға өтініш беріп, жалпы көлемі 6 млн 630 мың теңге көлемінде субсидия алған.

Талдау барысында бір жылдың ішінде ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан көрсетілген мал есептеншығарылғаны анықталды. Ал 2019 жылы 15 наурызда Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес, мал басының жыл бойы сақталуы қамтамасыз етілуі міндеттелген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Осының салдарынан мемлекетке 6 млн 630 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді.

Заңды бұзу фактілері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді. Қазір прокуратураның ұсынуы бойынша мемлекетке 14,7 миллион теңге қайтарылып, қалған қаржыны өндіру атқарушылық іс жүргізу тәртібінде жүргізіліп жатыр.