Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 12,8 мың адамға арнайы төлем тағайындалды

Динара Амантай

400-ге жуық өтініш кері қайтарылды

Фото: Halyq Uni

2024 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша 12 835 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, аталған төлемді тағайындауға жалпы 13 673 адам өтініш білдірген.

Республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін әлеуметтік төлемге 3 151 адам жүгінді, оның ішінде 3 037 адамға тағайындалды.

Ал 4 қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 мың 522 адам өтініш білдіріп, оның 9 798-іне тағайындалған.

Сондай-ақ, 351 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр, ал 119 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 368 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.